Теміртаулық алты дәрігер қала әкімінің «Алтын белгі» марапатына ие болды. 

 

Медицина қызметкерлері күні қаламызда жылдағылай тиісті дәрежеде атап өтілді. Қалалық мәдениет сарайына жиналған өз ісінің шеберлері үшін сахнада ән салынып, би биленді. Ал, үздіктердің ең үздік ақ халаттылары қала әкімінің ерекше құрметіне ие болды. 

  

Салтанатты шараның шымылдығы үлкен экрандағы ақ халатты абзал жандар туралы бейнероликпен ашылды. Сәбиді өмірге аман-есен әкелу үшін арпаласып жүрген, төтенше жағдайға тап болған бүлдіршіннің өмірін аман алып қалу үшін білек сыбына кіріскен, кез-келген жанның қолынан келе бермейтін ота жасап жатқан мамандар жайлы фильм залда отырған әр жанның көзіне жас үйірді.

 

Емделушілеріңіз сіздерді бағаласын, біз үшін ең биік жетістік осы! - деп ақтарыла сөйледі Раиса Титаренко.
Емделушілеріңіз сіздерді бағаласын, біз үшін ең биік жетістік осы! — деп ақтарыла сөйледі Раиса Титаренко.

«Адам өміріне араша түсушілер…»

Қалалық перзентхананың акушер-гинеколог дәрігері Валерий Лаишевті халық  «Біздің Лаишев» деп атап кеткен. Өткен, 2016 жылдың өзінде Валерий Михайлович 585 ота жасапты!

Валерий Лаишев еңбек жолын шыны үрлеуші болып бастағанын біреу білсе, біреу білмес… Ол әлемдегі ең нәзік нәрсе —  шынымен жұмыс істеген. Алайда, тағдыр одан да нәзік зат – адам өмірімен айналысуды маңдайына жазғанға ұқсайды. Көп жылдық еңбегі барысында қанша адамды өмірге дін-аман алып келгенін саусақпен санау мүмкін емес. Себебі, құрметті акушер-гинекологтың көмегімен дүние есігін ашқан алғашқы нәрестелердің алды қазір қырықтың қырқасына шыққан!

«Ең қымбат нәрсе – өмір, ал баланың өмірі – ең асыл зат. Ал, бүлдіршіндердің көзінен ауруы жанына батқанын көруден қиын сәт жоқ…Ұйқысыз түндер, мазасы кеткен ата-аналар… Дәл осы сәтте, құдды періште құсап көмекке педиатрлар жетеді» — дәл осындай сөздермен 42 жыл үзбей балалардың саулығымен арпалысып жүрген Галина Бирюкова сахнаға шығарылды. Бүгін ол да қала әкімінің ерекше ықыласына бөленді.

Ғалия Әбдіраманова: еңбек жолын санитарка ретінде бастаған ол, қазір ең ардақты медбике.
Ғалия Әбдіраманова: еңбек жолын санитарка ретінде бастаған ол, қазір ең ардақты медбике.

40 жыл ішінде Балкен Мүслимова ескі қала ауданының тұрғындары үшін ең жақын жандардың біріне айналған. Еңбек жолын 1977 жылы Теміртау қаласының 1-ші ауруханасының емхана бөлімінде бастаған  ол қаладағы ең білікті мамандардың бірегейі. Ақ халатты абзал жан бүгінгі сыйлықты алуына жұмыстағы әріптестерінің тиген үлесі ерекше екенін атап өтті.

Экранда хирург Оразалы Жалмендиновтің ота жасаған сәттері туралы қысқа бейнематериал көрсетіле бастағанда, жүрек шымырлап қоя берді. Бір нүкте арқылы адам ағзасына маңызды мүшелерді қалыпқа келтіру үшін сондай икемділік пен шеберлік керек екендігі айтпаса да түсінікті. Оразалы Қасымұлы – ерекше дәрігер, ол ең озық технологияларды меңгерген, тіпті бірқатар оталарды жасау Қазақстан бойынша тек біздің хирургтың қолынан ғана келеді.

Ансамблі «Арабески».
Ансамблі «Арабески».

Бүгін тек жоғары білікті дәрігерлер ғана емес, медбикелер де қажырлы еңбектеріне қарай тиісті бағаларын алды. Ауруханада үнемі науқастың жанына табылып, бар жағдайын жасайтын жандардың сіңірген еңбегі зор. Солардың бір — Ғалия Әбдіраманова. Еңбек жолын санитарка ретінде бастаған ол, қазір ең ардақты медбике.

Раиса Татаренко — қаладағы ең үздік көз дәрігері. Теміртаулықтар да оның еңбегіне жоғары баға береді. №1 емханада 55 жыл қатарынан жұмыс істеп келе жатқан оның оқушылары да білікті мамандар.  Марапаттау сәтінде қала әкімі микрофонды Раиса Ивановнаға ұсынды.

— Құрметті әріптестер, барлығыңызды бүгінгі тамаша күнмен – Медицина қызметкерлері күнімен құттықтаймын!Сіздерге біріншіден, зор денсаулық тілеймін. Қазақстанда қалай айтады? Денсаулық болса жетеді, басқасы кейін бола жатар дейді. Сіздерге еңбектеріңізге адалдық тілеймін. Емделушілеріңіз сіздерді бағаласын, біз үшін ең биік жетістік осы! — деп ақтарыла сөйледі Раиса Титаренко.

— Көз дәрігерін тыңдап, көзіме жас үйірілді, — деп  сөз арнасын әзілге бұра қала әкімі көзіне келіп қалған жасты сүртіп жатты. — Құрметті медициналық қызметкерлер, қымбатты ардагерлер, бүгін – ерекше күн. Сіздердің жұмыстарыңыз оңай емес. Әр кәсіптің өз ерекшелігі болады ғой, бірақ сіздердің еңбектеріңізді бағаламай қою мүмкін емес. Әрқашан адам өмірі үшін арпалысып жүре беріңіздер! Мерекелеріңіз құтты болсын!

Салтанатты шара барысында қалалық «Вдохновение» және «Арабески» ансамблдері, теміртаулық медициналық колледж студенттері мен жергілікті әнші Тимур Сыздықов, қарағандылық Марат Бекішев өз өнерлерін ортаға салып, ақ халатты абзал жандардың көңілін табуға тырысты.

Дәл сол күні Қарағандыда да медицина мамандарының құрметіне айтулы шара өтті. Теміртаулық екі дәрігер: №1 емхананың терапевт дәрігері Татьяна Сахновская мен қалалық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрағасы, Орталық аурухананың дәрігері Александр Наливайко «Денсаулық сақтау саласының белсенділері» атағына ие болды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ