Теміртауда не үшін дінаралық қатынастар мәселелерін саралау және зерттеуге арналған Орталық ашылды?

Әлемде жарты миллиардқа жуық мұсылман өмір сүреді, ал оның жүзден бірі радикалды діни ағымды ұстанады. Осы аз бөліктің өзі дүние жүзіне залал тигізуде. Теріс ағымның жұмысына тосқауыл қоюы үшін Теміртауда дінаралық қатынастар мәселелерін саралау және зерттеуге арналған Орталық ашылды.

— Біздің өмірімізге қатер төндіретін бүлдіргіш күштер жаһандану кезеңінде белсенділік танытып, еліміздің 300-ге жуық азаматы лаңкестік әрекеттерге атсалысу мақсатында Қазақстаннан жыраққа кетті. Осыған орай, қаламыздың аумағындағы діни бірлестіктердің қызметін бақылау үшін бізде орталық ашылды. Мұнда мемлекет пен діни өкілдер бетпе-бет кездесіп, ашық алаңда бас қоса алады, — деп түсіндіріп өтті дінаралық қатынастар мәселелерін саралау мен зерттеу Орталығының директоры Дәурен Қанаев.

ҚР 2013-2017 жылдарға арналған Діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы күрес мемлекеттік бағдарламасы аясында орталық қызметкерлері халықпен алдын-алу түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

191116-22-1— Біз тұрғындарға қалада қалыптасқан діни жағдай жөнінде түсініктеме береміз, теміртаулықтардың теріс діни ағымдарға еріп кетпеуі үшін қолдан келгенше көмек бергіміз келеді. Сондай-ақ, діни сауаттылықты арттыру мақсатында қажетті шаралар атқарамыз, — деді Дәурен Қанаев. — Бүгін Мұсылман Діни басқармасында мамандандырылған қызметкерлер бар. Алайда, орыс тілін жетік меңгерген жандар аз. Ал, этникалық қазақтар мен басқа ұлт өкілдері қазақ тілін меңгермегендіктен, діни сауаттылықты орыс тілінде ашатын мамандардың қажеттігі сезіледі. Сондықтан, біз ресми тілде түсіндіруге қабілеті бар «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің мамандарын бірге жұмыс істеу үшін арнайы шақырамыз.

Дінаралық қатынастар мәселелерін саралау және зерттеу Орталығы директорының айтуынша, діни сауатсыз адамдар өзін теріс ағымға тартып жатқанын түсінбеуі де мүмкін.

— Біздің қызметкерлер адамның теріс дінге қаншалықты бет бұрғанын анықтау үшін бірқатар сұрақтар қояды. Мысалы, ислам бойынша оқылатын намаз бен теріс діни ағым өкілдері оқитын намаз ерекшеленеді. Осының барлығы, сөзге тарту кезінде анықталады. Ал, бүгін әсіресе, барлығымыз еліміздегі лаңкестік әреккеттерді жиі естиміз. Қызуқанды, жас жігіттер маманданған адамдармен дін жөнінде ақылдаспастан, лаңкестік әрекеттерге белсенді қатысуда. Ал, соңында өздерін құрбандыққа шалады, — дейді Дәурен Қанаев. — Ең бірінші, ұстазыңның діни сауаттылығын қай жерде ашқанын, арнайы дипломының бар-жоқтығын білген дұрыс. Сіздер дипломы жоқ дәрігерге барып емделмейсіздер ғой, дінде де сол сияқты. Діни сауатты жандар Мұсылман діни басқармасына қарасты медреседе немесе Алматыдағы Қазақ-Египет ислам университетінде білім алады.

18 қазанда атап өтілетін Рухани келісім күніне орай орталық Жастар ресурсты орталығымен бірлесіп қаламызда ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Аталмыш шарада мектеп оқушылары мен колледж студенттері лаңкестік тақырыбында баяндама жасап, мәселелерді дұрыс шешудің жолдарын көрсетті.

-Біз ел тұрғындары тақырыпты жан-жақты ашуы үшін мұндай шараларды жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Болашақта мамандарымыздың біліктілігін арттыру үшін арнайы кітапхана ашуды көздеудеміз. Осылайша, діншіл жандар орталыққа келіп, өздері сенетін дін жөнінде толық мағлұмат алып, көкейдегі сұрақтарына тиімді жауап табуға мүмкіндікке ие болады, — деп Дәурен Қанаев болашақтағы жоспарларымен бөлісті.

Дінаралық қатынастар мәселелерін саралау және зерттеу Орталығының байланыс нөмері — 8 (7213) 98-51-28. Егер сіздің дін жөнінде сұрағыңыз болса, қоңырау шалыңыз!

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ